Өзім онсызда сәл нәрсеге ренжіп қалатын қасиеттің иесімін. Одан тұрмақ сіздің сақалды, сүннет киімді, сатушы ағай дөрекі сөзіңіздің көңілімді қапалы қылғанын-ай! Міне, бәрі жұмаға дейінгі осы бір жайттан басталды. Алда айтылатын әңгімем мен теңеулерімнің де түрткісі сол кісі. Сол кісі дегенім бір сұрақ қойғанда дөрекі жауап қатқан мешіт алдында діни дүниелер сататын ағайды айтамын. Ойпырмай! амалым бар, мешітті түсінеді деген мына менің өзім өсүйтіп қапа болып жатсам, жұмаға алғаш келген жандарды бұл "әр кет те, келме ендігәрі"-ге салып жібермесіне кім кепіл?
-Бір кісі пайғамбарымыздан "Ислам деген не?" деп сұрап келгенде, Ардақты Алла Елшісі: - "Ислам деген - көркем мінез" демеп пе еді? - деймін да күйген күйбелең болған көңіліммен ішімнен. Жә, жетер! Сабасына түсер! Дөрекілік бір қара бұлт қой, Күні көрінгенде я жаңбыр болып төгіліп жоғалар, я басқа бір жаққа көшіп тынар. Я күнә іздеген күнәлінің өзі өзім болғаны ма екен? Қойшы, әйтеуір мына теңеуді жазбасам ішімдегі шерім тарқамастай. Менің шабытымды тек осындай қапа қылатын дүниелер ғана қоздыратындай.
Өмір деген, мен үшін бір қойылым,(спетакль) яки бір кино сияқты. Жердің беті - сахына алаңы. Адамдар - әртістер. Біреу дүние мүлкімен байдың рөлін сомдайды, енді бірі күш-жігерін арқау етіп батырдың рөлін ойнаса, тағы бірі білімін алға тартып данышпанның кейпіне еніп жүр. Сұлулар ханшайымдар бейнесінде, ханзадалары тағы бар. Бәрі де шебер орындаушы. Ал енді сахынадан бөлек сахына сырты бар емес пе? Ол жерде бәрі өз рөлдерін тастап қарапайым кейіпке ене салады. Бәр бірдей бола қалады. Міне сол сахына сырты дегеніміз - МЕШІТ, Алланың үйі. Әдетте көшеде иығың сәл тиіп кетсе жекініріп шыға салатындар мешіттің ішінде үстінен аттап кеткенді де кешіріп жатыр. Дұрыс-ақ дінге деген, мешітке деген құрметте болар. Бірақ, сол мешіттің табалдырығын аттай бергеннен сол баяғы жартас, сол жартас болып, өзінің рөліне бірден кіріп кететіні қызық. Құтты бір сахынаға қайта кіргендей. Бір күні, деймін да, сахына түгіл, осы бір үлкен театрдан қуылып, өзге бір әлемге (қабір деген) түскенде не болар екен. Әй, байғұс, жаным-ай өзім сол бір қабірден құтылған амал жасағандай айтып отырғанымды қарашы. Ия, ол солай емес. Бірақ та менде бір қасиет бар. Біреуді еш ренжітпеу. Өзгеге де сол бір қасиетім насихатталса ғой деймін. Қара жерге қара да бір. ханда бір. Қайтіп, кімдердің рөлін сомдасақ та қара жер бізді қара боқ яки нәжіс ретінде қарсы алары рас. Ондай болмағанда, өмірден озғандардың молдекеңдер тәнін жуып неге әлек болады дейсіз?!
Қой, ендеше айтарым не? Айтарым, ешкімді тілмен де, іспен де ренжітпеңдерші! Бұл қасиет нағыз мұсылманның рөліндегі басты сценарийде жазылған. Бұл қойылым біткенде әртістік бағамызды көрермендердің тұрып қол ұрғаны секілді қошеметпен бітіргенге не жетсін! Соңында жанымнан артық сүюге тырысып жүрген адамның сөзімен аяқтағым келеді: " Сендердің ең жақсыларың - көркем мінезділерің". Тәмәм.