Екі аяқтың хикаясы
Екі аяқтың хикаясы

Өмірдің әрбір күнінде сабақ болатындай бір дүние табылып жататыны қызық. Бірақ, оны есті байқар, ессіз елемес. Әрине, данышпандық танытқаным емес, Мен үшін ересек дүниенің баспалдағы әлдеқашан басталғанды. Бойыма туа біткен қасиеттен бе, қоғамыма қараймында көп түңілемін. Ия, анасының жатырынан әжетханаға аттанған сәбиді жырлап мазаңызды алмай-ақ қояйын. Оны жырлаушы бөтен сатылы адамдар болар. Менің айтайын дегенім әдептілік пен көркем мінез, заманауи тілмен айтқанда этика мен эстетика. Бәз біреулер оны бізде «вагондап» бар дер. Әрине құдықтың шеңберімен салыстырсаң солай болып тұрады. Дегенмен, көршінің көзі қашанда өткірірек қой, сын айтып мін түзетпесек қоғам арқа жағындағы күйені қайдан білсін?! Ендеше, айтарым мынау:


Әнеугүні, автобуста едім (Мұның хикаялары автобустан әр аспайтын болды демеңіздер). Жұмыстан қайтып келемін. Жас болған соң орындыққа отырудан гөрі, тұруды жөн санап, көліктің ішкі ұстағышынан ұстап, тулап соққан толқындарға тойтарыс берген кемеге ұқсап, көліктің басқан әр тежегішіне берілмей келем. Бір-екі аялдамадан соң көлік іші жолаушыларға толды. Кенет тежегіш тағы «мен мұндалап»  бір тоқтап қалып, мінезін көрсеткендей. Сол аяғымды бір орыс әйел мыжып өтті. (негізі үйреніп қалғанмын, күнде көліккке мінер алдын "енді, бүгін аяғымды кім басар екен" деген оймен жұмысқа аттанатынмын). Қара туфлидің үстінде тіпті шаңның қолтаңбасымен орыс әйелдің бәтеңке іздері тұр. Маған бұл іздер, жауды найзамен тәніне жара салғандай көрінді. Қайтейін енді, табиғатым сол тазалықты сүйеді. Ашуыммен арпалысып, сабырлық сауытымды киемін дегенше, орыс әйел маған күлімдеп қарады да, орысша тілімен "кешірші балам, байқамай қалдым, қатты бастым ба, ауырмады ма, байқаусыз да болып қалды" деп ақталып, айыбын түсінгендей сыңай танытты. Және бұл сөздер шын көңілден, былайша айтқанда , эмоциямен шықты, «қалайша бетімді тыжырайтайын» дедім де, күлкіге күлкімен «ештеңе етпейдіні» айтып қайырдым. Ішімнен дән риза болып қалдым. Кешірім сұраудан гөрі, кешірім беру сондай тәтті болады екен ғой деп соның бір дәмін сезгендей болдым. 

Сәлден соң, араға минуттар салып оң жағымнан жараландым. Сол аяққа тіл бітсе, қарқылдап күлген болар ма еді. Сол аяқтың басына келген тағдыр сыңары келгендей. Сол аяқты басып жіберді бір қазақ апа. Езуімді тыя алмай күліп жібердім. Әнеу, аяғымды басқан апа осыдан маған бетін бүрістіріп қараған сондай, өзім кешірім сұрауға шақ қалдым. Оның аяғының астына барып кіріп кеткен өз аяғым сияқты өзім кінәлі сезініп кеттім. Түріне қарасаң, кешірім күтпек түгілі, « тууу тезірек әр қараса екен »  деп аңсап тұрдым. Көзі тесіп барады. Санасымен мені айыптап тастаған әлдеқашан. Сол жақтағы орыс әйел күліп жіберді. Ол маған әнеу қазақ апаның атынан кешірім сұрап тұрғандай, жұбаныш сөздер айтқандай болды. «Екі аяғыңды да бастық па? тыныш тұрғызбадық қой сені » деді тағы да күліп... Орыс әйел, неткен мейірімді, «өзін мұсылман санайтын кей қазақта жоқ қасиетті көрсетті ғой» дедім мен іштен. Қазақ апаға қарасаң әлі сол жартас, баяғы жартас.           -  Кешіріңіз сіз менің аяғымды бастыңыз  - дейін десем, бетіме қарап тұрып,   - Кешірдім -  дей салатындай. 

Сол кезде жұмыстасым инженер-жобалаушы Иван Петрович есіме түсті. Үйіне қай уақыт бара қалсаң, бала-шағасымен күлімдеп, шүлдірлесіп отырады да, ал біздің қазекеңнің үйіне бармақ түгілі көшесінің басынан баласын ая, әйеліне айқайлап жатқан дауысты естисің.

Неге олай деген сұрақ туады да осындай да ...?

Ислам діні деген не? дегенде 7-ғасырда өмір сүрген адамзаттың ұлы тұлғасы «Ислам деген - көркем мінез» - деп түсіндірген еді.

Алла мінезімізді көрікті қылсын.

Мінездегі көріктілік қоғамның тыныштығының реттегіш құралы іспетті.

Али УзакбергеновАли Узакбергенов
8 жыл бұрын 4682
3 пікір
  • Али, балам! Сенегалдағы балалардың жағдайын көріп, көзіме жас үйіріліп отыр еді... Сенің мына мақалаңды оқып, еріксіз күліп жібердім..."И жизнь, и слезы...." деген осы шығар. Сенікі құп. Қоғамдық транспорт болған соң нешетүрлі жағдай болады. Мен де сол транспортпен жүрем. Түрлі нәрселерді көріп, талайынан сабақ алып жатамыз. Жаңылыспасам, Имам Ағзамнан сұраса керек: "Сіз осынша көркем мінезді қайдан үйрендіңіз?" ,- деп. Сонда ол кісі: "мінезі нашарлардан үйрендім" ,- депті. Енді әркімнің тәрбиесі, көргені әртүрлі. Олармен күрескенмен шара жоқ. Керісінше, сен сияқты, "ауруын жасырып", жымиып қана кешірім сұрап өтіп кете беру керек шығар. Сонда келесі жолы әлгі апаң өзінің немересімен жасты баланың аяғын басуға ұялататын болады. Менің бір танысым көшеде көлденең жатқан шөлмек, қағаз сияқты нәрселерді қоқыс салғышқа тастап жүреді. "Оның не? Арнайы қоқыс тазалаушылар бар емес пе?" ,- деп сұрағанымда, жай ғана: "көше таза болып жатсын дегенім ғой",- дей салатын. Сосын Али... Мен әдебиетші емеспін, дегенмен, мына әңгімең сатираға сұранып тұр. Шона Смаханұлы деген қазақта керемет сатирик өткен. Есіме түсіп кетті... Сол кісінің осы жанрдағы шымшымаларына ұқсап кеткені... Жаныңды ауыртпай-ақ, "шымшып" алады. Тамаша екен... Бір демалып қалдым.
    8 жыл бұрын
  • Расыменде, Али Алла риза болсын сізден. Жұмыста, шаршап қамығып отырғанда, осындай әңгімелер оқып бір сергіп-ақ қалады екенсің. Әдеби жазбаларға икеміңіз көрініп-ақ тұр екен. Алла ісіңізге игілік берсін. Алла Тағала сабыр берсін!
    8 жыл бұрын
  • Ия керемет жазба... Али аяқ ауырлықты көтеру үшін де жерде тұрады. Ең бастысы Алланың добы болған биік басымызды ешкім басынып, таптамаса болғаны. Ин ша Алла көркем мінезді болуға жазсын...
    8 жыл бұрын
Блог туралы