Көкек айы. Сағат түскі бір жарымнан 45 минут өткен кез. Қала ішіндегі ауылдың филиалына ұқсас, шатыры жерге жақын үйдің жанынан өтіп барам. Ойымда алда-жалда біреу келіп мазамды алады-ау дегенде жоқ. Кенет бір ит үріп, үш күн азықтанбағандай ұшқыр тістері мен үш күн су ішпегендей сілекей толы ұртын көрсетіп, жанымда қасқайып қауып тұр. Қауіпті қалыптан қорыққан келбетім оң жағыма көз қарашығын ғана итеріп қарады, жүрегім аузыма тығылмақ түгілі, мұрныма келгендей қорқыныш үстіндемін. Ішімнен: "мен саған не істедім?, өзіммен өзім, сенің қожайыныңа тиіссіз жермен өтіп бара жатыр едім ғой, соншама менде қарызы қалып қойғандай қарағаны несі ?" деп толғанып барам. Толғанғаным сонша толғағымнан ернімнен аятүл туып, аузымнан аят шықты. Жан тәтті ғой. Ажалы иттен келген үш жасар сәбидің үш жылдық тағдыры (әнәугүні жаңалықтан естіген) қорқынышымды үдете түсті. Анау айуан әлі тұр қадалып, өздігінен тиісіп маған мазамды әбден алды. Былай қарасам мен оған ештеңе істемеген сияқтымын.Біреумен шатастырып алған шығарсыз дейін десем, мақлұқ тілімді де түсінбейді ғо құрғыр! Осы жазбаны оқып отқаныңызға қарағанда мен әлі тірімін.
Ал, енді айтпағым не?
Адамдарда да кейде осы айуанның кейпіне жиі енеді. Құрдан құр жағаңа жармасып, мазаңды алады. Өткенде бір, автобусқа мінген едім.( тағы да автобус демеңіз). Енді бос жерге жылжи саламын ба дегенде артымнан бір апай итеріп жіберіп, "әрі тұр, ей" деді. Әрі тұруынды тұрдым ғой. Бірақ апайдың тілі бір орнында тамылжып тұра алмады. Орнына отыра сала, бастады ма дейсіз балағат пен былапыт сөздерді. Әрине, менің мекен-жайыма. Жазығым сондағы 5 секундтық әрі жылжуымдағы баяулығым болатын. Өтірік айтсам, Құдай куә. Әке-шешеме шейін шырылдатты-ау шіркін сөзінде. Мен үнсіз-ақ" Алла сабырлыларды сүйеді, сабырлы болған сайын сүйеді" деп іштей жұбаныш тауып тұрдым. Жанды дауыспен апай аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. Алғашында ішіндегі жолаушылар маған болысып жатқанды, кейін олар түсіп басқасы мінгенде енді анау апайды емес мені кінәлай бастап, сұқтанып ала көзбен қарауға көшті. Әлгі апай үрсе де, көш жүріп 4 аялдаманы өткіздік. Бұрыңғы адамдардан кондуктор мен жүргізуші және әлгі апай қалды. Түскенімше былапыттап бітпеді. Шынында, іштегілерге, масқара болғандай болдым. Жай ғана болмашы нәрседен бастап, таудай мәселеден асырып тастады.Құтты, енді сценарий ауысқандай.Соңғы мінген жолаушылар сценарийдің түпнұсқасын қайдан білсін. Кейін Абай атамыздың сөзі есіме оралды. " Ит қапты екен деп, мен де қапсам адамдығым қайда?" демекші адамдықты сақтағандай болдым. Түйін: ақыл иесі болған адамның санасыз айуанның кейпіне енуі жиілеп барады. Сол жиілікке сиректік орнатайықшы деген менде бір өтініш. Ылайым, Раббым біздің бейнемізді көркем қылып жаратқандай, мінезімізді де көрікті еткей.Әмин.
Ит қуғанды жақсы білем, ит қуып, тағы да таланбай жерге оңбай құлап 1 апта жараларым жазылғанша отырып, тұра алмай қалғам. Есіме түсіп кетті.