Ең қатты шыққан дауыс
Ең қатты шыққан дауыс

Бүгінгі күнімнен:

Автобус іші. Жолаушылар. Бірі жылжыған көлік терезесінен артқа қалып бара жатқан тіршілікке көз салып қиялдап отыр. Енді бірі интернетке байланған ұялы телефонын сипаумен әлек. Екі кемпір басы қосылып жастарды өзінше соттап үкімдерін жариялауда. Енді бір студент жылжыған дүниенің табиғи дауысын тәрк етіп құлаққабын құлағына қабыстырып бойын әуенге билетіп келеді. Кондуктор тиын-тебенін сылдырлатып, қалтасын реттеуде. Бірақ, бәрінен қатты шығып жатқан бір дауыс бар. Ол осыдан бірер сәт бұрын колледж аялдамасынан мінген студент бала дауысы болатын. Құлағына телефонын жабыстырып "браттандап" әңгімесін соғып келеді. Әңгімесі құрысын. Өз құрдасым болса да, өз қатарласым болса да, бірге жастар болып көрінсек те, дәл осы тұста бірікпейтін кей тұсымыз айқын көрінді. Бәлкім, жастар болып бір бөлек жерде тұрып сөйлессек оның бұл кейпі маған біліне қоймайтын шығар. Бірақ, боқтық сөзді қақ алдыңда отырған ата-анаңдай адамдармен бірге есту, мен үшін олармен анайы фильмді бірге көрумен тең болғандай кейіпке түсірді. 
Ия, әңгімемнің мәнісі мен мағынасын әлі түсінбеген боларсыз. Мен бұл жерде, әлгі баланың автобус ішінде көпшілік көзінше соншалық лас сөздер қосып сөйлегенін жаман бір әдетке балап айтқым келген болатын.

Қоғамдық көліктерде жаныңда анаң мен әкеңдей адамдар тұрған кезде ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығатындай боғауыз сөздермен сөйлейтін құрдастарыма жаным ашиды. Не деген надандық яки тәрбиесіздік десеңізші! Пайғамбарымыз (с.а.с) "өз ата-аналарыңды сөкпеңдер!" деген мағынадағы тиым ескертуін жасаған емес пе еді. Сонда қасында отырған сахабалар: " Я, Расулла, мүмін қалайша өз анасын сөгеді?! " деп, таңдана сұрақ қойғанда.,оған қайтарылған жауап мынау болатын: "Кімде-кім өзгенің ата-анасын сөккені, өзінің де ата-анасын балағаттағаны". Демек, бұл өте ауыр сөз болғаны. Өзгеге атқан оғыңның өзіңе айналып тиіп жатқаны емес пе? Сөзінің әр үтірі мен нүктесінің орнына лас сөздер қосып сөйлеуді жігіттіктің белгісі ретінде көретіндері өкінішті. 
Жүрек қандай болса, тіл сондай демекші, иман ұяламаған тәннен өзіңе керекті біршама қасиеттерді теріп алады екенсің. Әрине, өң бойыңа оларды сіңіру үшін емес, егер өз бойыңнан табылса сыртқа сіңгіру үшін. Кейде өз мінезімнің бірер қырларын өзгеден көргенде өзімнің қателігім өзіме шоқтай басылады. 
Жә, жетер, сүттен ақ, судан таза көрінген болмайын. Дегенмен боқтық сөзді көпшілік отыратын, әсіресе анаң мен әкеңе татыйтұғын адамдардың алдында сөйлеу деген қанша ойласам да бұндай көрініске келісе алар емеспін.

"Үлкенді сыйламағандар -бізден емес" деген сөзді біздер яғни жастар буыны әрдайым жадымызда ұстағанымыз жөн болар.

Али УзакбергеновАли Узакбергенов
10 жыл бұрын 6182
3 пікір
  • Келісемін. Бәрі рас.
    10 жыл бұрын
    • "Кейде өз мінезімнің бірер қырларын өзгеден көргенде өзімнің қателігім өзіме шоқтай басылады. "Маган да таныс жагдай/
      10 жыл бұрын
  • Пайғамбарымыз (с.а.с) "өз ата-аналарыңды сөкпеңдер!" деген мағынадағы тиым ескертуін жасаған емес пе еді. Сонда қасында отырған сахабалар: " Я, Расулла, мүмін қалайша өз анасын сөгеді?! " деп, таңдана сұрақ қойғанда.,оған қайтарылған жауап мынау болатын: "Кімде-кім өзгенің ата-анасын сөккені, өзінің де ата-анасын балағаттағаны".
    9 жыл бұрын
Блог туралы