I -бөлім. Мен бұған дайын емес едім! (өз туындым)
I -бөлім. Мен бұған дайын емес едім! (өз туындым)

I -бөлім. Мен бұған дайын емес едім! (өмірімнен алынды)

«Ей иман еткендер, бір-бірлеріңнің меншіктеріңді араларыңда бұрыс жолмен жемеңдер. Яғни Исламның харам еткен пайыз, құмар, ұрлық және күштеп тартып алу секілді бұрыс жолдарымен жемеңдер. Тек қана бір-бірлеріңнен разы болатын түрде, сауда жолымен болсын»
Ниса, 29-аят

Бұл қасиетті Құрандағы әлемнің Раббысы болған Алланың сөзі. Демек , көк пен жерді жаратып, бүкіл жаратылысты жоқтан бар еткен Алла Тағала бізге біреудің жеке меншігіне қол сұғуды яғни, ұрлық жасауды түбегейлі ХАРАМ етіп отыр. "Ұрлық түбі - қорлық" деп қазағымыз бекер айтпаса керек. Атадан қалған бұл қанатты сөзді дәлелдей кету үшін, Құрандағы Ниса сүресінің 30-аятын алайық: «Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай.»

Осындай жазадан қорықпай, Алланың қаһарынан сескенбеген адамдар-ай сіздерге неткен өкініш десеңізші. Дегенмен, менің тағдырымда да солардың бірімен кездесуім жазылыпты. Бәлкім, бұл мен үшін берілген сынақ болса керек. 

Түс ауған кез. Әдеттегіше, түскі асқа берілетін уақыт кірді. Жұмыс бәсеңсіген соң, офисті кілттеп, ерте шықтым. Күнделікті асымды жақын маңнан ішетінмін, бүгін бірақ үйге барып тамақтануымды жөн көрдім. Мойынымнан шағын сөмкемді иық бетке лақтырып, асынып ап, аялдамаға беттедім. Қасыма жұмыс жабдықтарын жинап алып жүретін болған соң,маған бұл сөмке қажет еді. Аялдама. Автобус келді. Мен міндім. Ішінде кіл шүлдірлеген асты қара, үсті ақ түсті түрлі матадан киімденген, өз салмағынан да ауыр папка асынған оқушылар толып тұр. Бірең-сараң әйел мен бір ер кісі тағы бар. Қанша аялдамаға тоқтасақ та, жолаушы түрлері ауысқанмен сандары сақталып қала берді. Менің аялдамам жақындады. Есікке беттедім. Түсуге жақынырақ тұрайын дегенім ғой. Алдымда кондуктор әйел. Артыма бір қызыл спортивка киген, қызыл рюкзаг асынған қара торы жігіт. Әлдене сол жағымнан жыбырлағандай болды. Мән бермедім. Артымдағы жігіт он қолынан рюкзагын асынып тұр. Былай қарасаң тәні қимылсыз секілді. Бірақ сол қолы істің бәрін бітіріп жатыр екен. Кондуктор қақ алдымда. Көрді ме, көрмеді ме оның бұл ісі Аллаға мәлім. 
Менің аялдамам. Сол жақтан сөмкемнің ашылғанын естідім. Көзім сол бағытқа беттей беріп еді, біреудің қолы тінтіліп жатыр екен. Ашуым қозып кетіп, қолын қайыра жөнелдім. "Выходи.... выходи! " деп айқайға бастым. Бар ойым шығарып алып сазайын беру еді. Ол да "обосновать ет , обосновать ет !" деп айқайға салды. Сорлы ұрлықшы ұрламаса "Не болды?" деп сұраушы еді, бұл "дәлелде" деп шыңғырғаны қай сасқаны дедім ішімнен. Денесі ірілеу келген бұл адамға әлім келмей сыртқа шығара алмадым. Ол автобус трубасымен бірге туылғандай жабысып жібермеді. Шықса аман қалмайтынын сезген болса керек. Әбден болмаған соң, өзім міндім де шығаруға тырыстым, ол ары қашты, бері қашты. Түрінен "мен ұрлықшымын" деген жүзді айқын оқыдым, тілінен "мен өтірікшімін" деген сөзді нақты естідім, мұны анықтау қиын емес еді. Амал қанша, төбелесті бастағым келіп жағасына ұмтыла бергенде, өзімді сабырмен тоқтаттым. Ішіндегі кішкентай бүлдіршіндерді жарақаттап алсақ, автобуста екі адам төбелесіпті десіп жатса мұсылмандығыма сын түсіп қалмай ма? ішімнен "бар денең сау, бар нәрсең аман жөніңе жөнел" десіп жатса, екінші жағынан "сазайын бер, сенен ешнәрсе алалмады, бірақ ертең басқа біреуден ұрлайды, оны тоқтат" деп ақ ит пен көк ит ішкі майдан жүргізіп жатты. Мен не шештім дейсіз го? менің шешім қабылдауыма бірер секунд уақыт ғана берілген еді. Мен артқа қарадым да ұрлағаныңа куәгер болған жалғыз Аллаға жазаңды тапсырамын деп кете бардым. 
Бір өкініштісі.Ішінде тұрған ешбір жолаушы көмек тигізерге ынталы болған емес. Есесіне әркім өзінің сөмкелерін тығып жатты. Бір еркек болғанда ғой дедім, бір демеп жіберсе, бір жамандықтың алдын ауыздықтар едік қой. Жоқ, еркек атаулысы табылмады ма, әлде мен байқамадым ба, әйтеуір адам баласынан қолдау таппадым. Кино театрында отырғандай қозғалыссыз қарап отырған әйелдер "әу!" деуге жарамады. Мен өзімді Колизейдің ішінде гладиатор кейпінде тұрғандай сезіндім. Дегенмен бір ер кісі артымнан "заттарыңды түгелдеп ал !" деп жатты, сол үн маған жалғыз жұбаныш болғандай еді. 
Мен ұрыны жібердім. Ішімде күнә жасадым ба, әлде сауап па деген ой толғатып жатты. Ұрыға еркіндік бергенімді - күнәға балап жатсам, сабырлық танытқандай кете беруімді -сауапқа ұқсатқандай болдым. Не десем де бұл мен үшін әлі дайын болмаған сынақ еді.

Али УзакбергеновАли Узакбергенов
2 года назад 568
4 комментария
  • Ассаляму алейкум. Әйелдер қалай сізге бірнарсе айтады, себебі олар да үйіне аман-есен жеткісі келеді. Әйелдер тұрмақ ер-адамдар да мұндай кезде үндемей тұра береді ғой. Өз басым үлкен кісіні осы ұрылардың соққыға жыққанын көргем. Үлкен кісі де дәл солай ұстап, сазайын бермекші болып еді, екі-үш жігіт сау етіп автобустан сүйреп түсіп қардың үстінде ұрып-ұрып тастап кетті, біз болсақ автобустың ішінде шулап қала бердік. Ең өкініштісі ешбір еркек кіндік сол үлкен кісіге көмектесуге ұмтылған да жоқ. Намыссыздық артқан заманда, ең өкініштісі бұл көрініс қалыпты жағдайға айналып бара жатыр.
    2 года назад
    • Иә, кейде ондай ұрылар бірнеше адам болып жүреді дегенді естігенім де байқағаным да бар. Кейбіреулерінде суық қару болады дейді.
      2 года назад
  • Өте өзекті мәселе. Дұрыс жасағансыз. Бірақ, оларға таяқ әсер етпей ме деп қорқамын. Әйтеуір сіз секілді адамдар әр ұрламақ болған кезінде қолын қаға берсе, бұл ата кәсібін қоятын шығар деп үміттенеміз.
    2 года назад
  • Ұрылардың байқатпай тез қимылдаганы сонша кейде байқамай да қаламыз, сізге Алланың өзі көмектесіп сездірген ғой, сондықтан сабыр еткеніңіз дұрыс болған деп ойлаймын. Алла разы болсын!
    1 год назад